Шымкент қаласының инвестициялық белсенділігі жыл санап артып келеді. Өткен жылдың өзінде бір ғана «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 6 жоба іске қосылған. Солардың бірі – «Bal Decor» кілемше фабрикасы. Кәсіпорын тауарларын сатылымға шығаруға дайын.
«Bal Decor» 2020 жылдың 16 желтоқсанында, тәуелсіздік күніне орай ашылған кілемше фабрикасы. Қазір өндіріс нысаны 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынға тартылған инвестиция көлемі 125 миллион теңгені құрайды.
Мұнда жасалатын әрбір кілемше уақыт пен шыдамдылықты талап етеді, — дейді дизайнер Махаббат Мырзатайқызы. Кілемше түріне қарай, көрінісін әзірлеу де әртүрлі уақытқа созылатын көрінеді. Оның айтуынша, тұтынушының қалауын орындау басты міндеттері.
Дайын өнімдер енді сатылым сөрелеріне шығарылмақ. Қазақстанның барлық қалаларына, сондай-ақ, көршілес елдерге экспорттау көзделген. Фабрика қызметкерлері мұнымен тоқтап қалмайтындықтарын айтады. Әлі де тың идеялары көп. Қазақтың қара киізін де заман талабына сай етіп, қолданысқа енгізбек.