30 жыл ішінде Шымкент қаласы өнеркәсібі — экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. 2020 жылы жалпы өңірлік өнімінде өнеркәсіптің үлесі төрттен бірін құрады (25%).
1991 жылы қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 9 909,3 млн. теңгенің өнімі өндірілді, 2020 жылмен салыстырсақ өнеркәсіп өнімнің көлемі 654 255,5 млн. теңгеге дейін жетіп, 66,0 есеге өсті.
Кәсiпорын қызметінің тұрақтылығы, көпсалалы өндiрiске бағытталуы, өндіріс көлемінің өсуі, сондай-ақ, шығарылатын өнім сапасының жоғарылауы және оның бәсекеге қабілеттілігін жақсаруы, бүгiнгi күндегі талаптарға жауап бере алуы, қала экономикасының өсуiне кепiл болып табылады.
Қала өнеркәсібінің қарқынды дамуына іске қосылған жаңа кәсіпорындар үлесін салуда.
Арнайы экономикалық аймағында Қазақстанда алғашқы рет кілем өндіретін екі ірі жоба жүзеге асырылды, «Назар Текстиль» және «Бал Текстиль» ЖШС. Фабрикаларда өзық технологиялар қолданылуда.
«Бал Текстиль» ЖШС кілем тоқуға арналған синтетикалық иірімжіп өндірісін игеріп, бұрын Индонезия, Өзбекстан және Түркиядан импортталатын шикізатты енді өз базасында шығаруда.