Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Азат» тұрғын алабына арнайы барып, ондағы тұрғындармен кездесті. Аудан тұрғындарын ауыз су, газбен қамту, жол және жер мен үйді заңдастыру мәселелері толғандырып отыр.
«Арыз-шағымдарыңызды ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай жұмыстар жүргізілуде. Ал инженерлік коммуникациялардың құрылысы аяқталған соң жол салу жұмыстары да басталатын болады»,-деді әкім.
Бүгінде шағынауданда ауыз су жүйелері бойынша өткен жылы 192,2 млн теңге бюджет қаржысына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Құбырларға ауыз су келіп тұр. Қазіргі таңда, құбырларды шаю, жуу және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
Ал, электр қуаты бойынша 10/0,4 кВ электр жүйелерінің құрылысына 2020 жылы бюджеттен 182,4 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары атқарылды және нысан пайдалануға тапсырылды.
Бұдан бөлек, газбен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы бюджеттен қаралған 194,5 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме биыл қыркүйек айына дейін құрылысты аяқтап, пайдалануға тапсыруды жоспарлап отыр. Жоба бойынша 510 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады.