Шымкент қаласында мамыр айында өткізілген комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, тұрғын үй кезегі келген 147 азаматты жалдамалы баспанамен қамтылу туралы шешім шыққан болатын. Бүгінде 147 азаматқа қатысты ішкі құжаттандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындарға пәтер кілті табысталды. Оның ішінде, 42 пәтер — көпбалалы отбасыларға, 97 пәтер — халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 8 пәтер — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға қолданысқа берілді. Аталған көпқабатты тұрғын үйлер Тұран, Тұрлан, Асар 2 шағынаудандарынан бөлінген.
Жалдамалы баспанамен қамтылғандардың қатарында қала тұрғыны Құралай Тоқмұрзаева да бар. Ол 2014 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне көпбалалы отбасылар санаты бойынша кезекке тіркелген. Қала тұрғыны осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегін үнемі егов электрондық порталы арқылы бақылап отырған. Көпбалалы ана 7 жылға жуық уақыт бойы тұрғын үй кезегін сабыр сақтап, шыдамдылық танытып күткендігін жеткізді. Бүгінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышында шек жоқ.
Тұрғындарға кілт табыстау шарасында каратиндік режимдердің барлық сақтық шаралары қатаң сақталған. Алдымен азаматтар кезек ретімен Тұрғын үй басқармасына келу арқылы келісім шарт құжаттамасына қол қою жұмыстарын жүргізді. Ал пәтер кілттері қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің бақылаушылары арқылы тұрғындарға жеткізілді.
Ағымдағы жылдың сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, алдағы уақытта 369 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарлануда. Ал 2020 жылы тұрғын үй кезегіндегі 392 азамат арендалық баспанаға қол жеткізген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтар бар. Бұдан бөлек 300 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға берілген.