Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл қаладағы жалпы егістік көлемі 38,8 мың гектар жер болса, соның 29,3 мың гектарына егін егу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға артық. Соның нәтижесінде биыл жиналатын өнім көлемі 71,7 мың тоннаға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 12,4 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Өткен жылғы есепті кезеңде 59,3 мың тонна болған.
Көктемгі дала жұмыстарына бір мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агроқұрылымдарға апарып беруді қосқандағы жеткізу құны литріне 157 теңге болып бекітілді. Бүгінгі күнде тауар өндірушілерден түскен өтінімдеріне сәйкес 25 тонна жанар-жағармай таратылды.Басқарма басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров егін шаруашылығын қолдауға мақсатында биыл қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді. Атап айтқанда минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына — 122,1 млн. теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға — 5,8 млн теңге, пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға — 600 мың теңге қарастырылды.
Нәтижесінде биылғы жылға жоспарланған 29,3 мың гектар егістік жердің бүгінгі күнде 9,9 мың гектарына егін егілді. Оның ішінде дәнді дақыл — 6,1 мың, майлы дақыл — 1,2 мың, мал азықтық дақылдар — 2 мың, көкөніс пен бақша — 0,5 мың және картоп – 0,1 мың гектарды құрайды.
Бұдан бөлек қазіргі уақытта қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 9 гектар жылыжай кешені жобасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар «Agro Park kz ЖШС мен «IGM Corporation» серіктестіктері.