«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес құрылып, жұмысын бастады. Кеңеске өңіріміздің мәдени рухани дамуына үлес қосқан, мәдениет қайраткері Айдарбекова Күлия Смайылханқызы жетекшілік ететін болады
Кеңестің негізгі мақсаты алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты қалалық сайлауалды бағдарламасын іске асуы үшін дайындалған Жол картасындағы негізгі көрсеткіштердің орындалуына бақылау жасау болып табылады.
Кеңес құрамына мәслихат депутаттары, мәдениет қайраткерлері, білім және ғылым саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен партия ардагерлері, филиал қызметкерлері мен жасотандықтар енген.
Кеңес отырысын жүргізген «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева қоғамдық кеңесінің атқаратың жұмысы мен қазіргі таңдағы рөлін атап өтті.
— Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодымызды сақтауда рухани күш-жігеріміздің мықты болуы керек деген болатын. Өңіріміздегі рухани-мәдени саламызда оң өзгерістердің орын алуына Кеңестің қосатын үлесі орасан зор. Әсіресе, өскелең жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда Кеңестің орны ерекше, — деп кеңестің жұмысына белсене қатысып, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
Аймақтық қоғамдық кеңес отырысы барысында кеңес мүшелерімен таныстырылып, 2021 жылғы жұмыс жоспары нақтыланды.
Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты қалалық сайлауалды бағдарламасын іске асуы бойынша Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың және Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық ұйымдармен жұмыс, талдау және мониторинг» бөлімінің басшысы Мұхтар Сейтжаппаровтың есебі тыңдалды.
Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан 2021-2025 жылдарға арналған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты қалалық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында дайындалған Жол картасындағы негізгі көрсеткіштердің орындалуы және жастарымыздың бойында рухани құндылықтарды қалыптастырып, патриотизмге баулу бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша пікірлер мен тілектер айтылды. Кеңесте қызу талқыланған мәселелер бойынша айтылған ұсыныстар «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық кеңесіне жолданатын болды.