Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратының сатылуы бойынша қала әкімі Рашид Абатұлы (@the_rashid_ayupov) тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады.
Тікелей эфирдегі шаһар басшысыың мәлімдемесі назарларыңызға:
Рашид Аюпов: «Біріншіден, қаланың бұрынғы әкімдігі бойынша расында да қалада саммит кезінде қонақ үйлерді көбейту бойынша мәселелер туындаған. Осы бойынша жанындағы «Евразия» қонақ үйіне және басқа жерлерге де ұсынған болатынбыз. «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жасалынады деген ой да болған. Бірақ, шешім өзгеріп, аукцион арқылы сатылатын болып шешілді. Ғимараттың бағасын шығару әкімдіктің құқығы емес, арнайы мекеменің құзырында. Сол бойынша ғимараттың бағасын шығарған болатын. Оның үстіне ғимаратқа 2018 жылы 257 млн көлеміндегі жөндеу жүргізілген, сол баға бойынша қосылған және де ол ҚР Қаржы министрлігіне қарасты веб порталға енгізілген еді. Ол жердегі сатып алушы да, сатып алуға қатысушы да және де оның бағасын да қадағалайтын әкімдік емес. Жалғыз сол портал арқылы нарықтық жүйемен жасалады. Яғни, ең біріншісі ағылшын жүйесімен бағаның көтерілуі бойынша оған бірнеше адам тіркелді. Бірақ, оған ешқандай сауда болмаған. Екіншісі, бағаны төмендету бойынша. Аукцион басталған кезде біз порталда кімнің тіркелгенін көре алмаймыз. Сол кісі төмендету кнопкасын басу арқылы сатып алды. Бірақ, қосымша айтып кету керек, ұсынылған бағадан бір тиын да төмен түскен жоқ. Сондықтан да Прокуратураның айтқанына біз келіспейміз, сол себепті бірінші келісім шартты бұзу туралы шешім шыққанымен, біз ары қарай апелляциялық сотқа шағым жаздық. Біз ары қарай да соттасатын боламыз. Өйткені, бір қызығушы адам алмады деп сатып алушының артынан қудалаудың қажеті жоқ деп ойлаймын», — деген ойын білдірді.
Сонымен қатар, шаhар басшысы ертеректегі сұқбатында қазіргі Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратының музейдің ғимараты емес, құрылған кезден бастап әкімдіктің ғимараты болып келгенін айтқан болатын. Музей ғимараттың ішінде біраз уақыт орналасқанымен, бұл әкімдіктің ғимараты болып келгенін, сондықтан да осында орналасу шешімі қабылданғанын мәлім еткен еді: «Бөлімдердің жақсы отырғаны керек пе, әлде бізге Түркістанның дамығаны керек пе?! Неге мына жерде ағаш отырғызылды деп те айтуға болады. Неге мына жерге газон отырғыздың деп сұрақ қоюға да болады. Бірақ ол да қажет нәрсе. Қазір қалалық бөлімдер ғана емес, басқа да көптеген органдар өз ғимараттарында отырған жоқ», — деген болатын.
Айта кетейік, Түркістан қаласы, Есім хан алаңы №3 мекенжайда орналасқан, 1970 жылы салынған, жалпы алаңы 2554,7 шаршы метрді құрайтын Түркістан қаласы әкімдігінің бұрынғы төрт қабатты ғимаратына 2018 жылы 257 125 180,0 теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Түркістан облысы әкімінің 2019 жылғы хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, ғимаратты заманауи қонақ үй ретінде пайдалану және Түркістан қаласына келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақ үй жобасы ретінде жұмыс жүргізу тапсырылған болатын. Осы мақсатта, әкімдік ғимараты электрондық сауда саттыққа қойылды. Заң аясында, алдымен бағаны көтеру әдісі бойынша іске асты. Дегенмен, бұл әдіске өтінім ешкім білдірмеді. Сондықтан, бағаны түсіру әдісі бойынша аукцион өтті. Жалпы, қалалық әкімдіктің ғимаратын салу жоспарда жоқ. Қазіргі уақытта ғимарат ішін шыны кабинеттерге көшіру жұмыстары жүруде.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі