Шымкент қаласы техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Бастар Есқараев ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясы туралы айтып берді.
Бастар Есқараевтың айтуынша, субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық болмақ. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.
«Негізгі міндет — ҚР нарығын қауіпсіз емес және сапасыз өнімнен қорғайтын заң қабылдау болды. Сондай-ақ, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізу», — деп түсіндірді департамент басшысы.
Сонымен қатар, ол былтыр 3 жоспардан тыс тексеру, 2 бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау, профилактикалық бақылау нәтижесі бойынша берілген нұсқаманың орындалуына 1 жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін атап өтті. Тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.