Шымкент қаласындағы фурнитурамен айналысатын «KAZPLAST» компаниясының негізі 2006 жылы қаланған. Сол жылдан бастап тігін фурнитурасын, атап айтқанда түймелерді, фиксаторлар мен карабиндерді өндірумен және сатумен айналысып келеді.
Компания 9 жыл көлемінде түрлі пішіндегі түймелерді тапсырысқа тігіп, сатуға шығарды.
Алғашында тек әскери және арнайы киімдерге арналған түймелердің бірнеше түрі мен пішіндерін шығарды. Себебі түймелердің өндірісі ескі әдіс бойынша, яғни түймелердің түрлі пішіндері мен өлшемдері үшін жекелеген пресс-пішіндерді қолдану арқылы өндірілді. Бұл мекеме үшін қосымша шығындар болып табылды. Оларды дайындау да ұзақ уақытты алады.
Осы тұста кәсіпорын түймелер өндірісіне инновациялық технологияларды енгізу туралы шешім қабылдайды. Жаңа даму деңгейіне шығу, тауар алушылар санын арттыру, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу мақсатында итальяндық түймелерді өндіретін құрал-жабдықтарды сатып алуды көздейді.
Мемлекеттік қолдаумен «Даму» қоры арқылы несие алып, жабдықтарды сатып алады. Жаңа құрал-жабдықтар кең ассортиментте жейде, көйлек, пальто, күртешелер үшін, сондай-ақ арнайы киімдер үшін түймелер шығаруға мүмкіндік берді.
«KAZPLAST» компаниясы «жоғары сапасы — қол жетімді және тез» ұранымен жұмыс жасайды. Ондағы құрастырушы технологтар көп жылдық еңбек өтілімен өндірістің барлық сырларын меңгерген және іске шығармашылықпен қарайды.
Сонымен қатар, компанияның басшысы табысты кәсіпкер, әрі екі баланың анасы Дана Жұмабаева өз кәсібінің аясын үнемі кеңейтіп отыруды жөн көреді. «Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Қазіргі уақыт — нағыз сол қолдауды пайдалана отырып, кәсіп ашып, оны дөңгелететін уақыт. Мемлекет тарапынан берілген қолдау маған да батыл шешім қабылдауыма көмектесті» дейді компания басшысы.
Дәл осылай 2014 жылы да аталған кәсіпорын мемлекеттік қолдау тауып, арнайы киім өндірісін іске қосты.