Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету санатындағы азаматтарға шипажайларға тегін және жеңілдікпен жолдамалар беріле бастады.
Биыл өтініш білдіріп, кезекке тіркелген 6174 азаматты Шымкент қаласында орналасқан «Денсаулық» шипажайы мен Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» және Тараз қаласындағы «Айша бибі» шипажайларына жолдау жоспарланып отыр.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға, зейнет жасындағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне шипажайлық-курорттық емделу тегін. Ал, зейнет жасындағы азаматтарға жолдама құнының 50 пайызын төлеумен беріледі.
Бүгінде қалада 82124 зейнеткер, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген — 6426 қария тіркелген. Зейнет жасындағы 2377 «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі