Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов қала аумағындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады. Алдымен олар еліміздегі озық компания «NURTAU distribution company» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
Аталған кәсіпорын «Тассай» индустриалды аймағында 1,2 гектар аумақта орналасқан. Шоколадты кәмпит және сағыз өндірумен айналысады. 60 жаңа жұмыс орнын құрып, 2019-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, биыл 100 % іске қосылып отыр.
Шымкентте өндірілетін шоколадты кәмпит пен сағыз өнімдері «MEXXI» атауымен нарыққа шығарылады. Сондықтан шетелдік аналогтардан 10% арзан. Өнімдерді «Жергілікті базарлар мен барлық дүкендерден алуға болады. 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
Қала басшылығы аялдаған екінші кәсіпорын «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС болды. Кәсіпорында жарықдиодты шамдар өндіріледі. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген.
Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл жоба 2020 жылы бастау алып, биыл іске қосылған. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс жасайды.
Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қауқарлы.
Қала әкімі мен маслихат хатщысы дизельді генераторлар өндіретін зауыт жұмысымен де танысты. «New Technology Ltd» ЖШС-ы тиесілі кәсіпорын «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Онда жылына 300 дана дизельді генератор өндіріледі.
Жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асқан. Жалпы құны — 300 млн теңгені құрайды. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өнімнің 70 пайызы – ішкі нарықта саудаланса, қалған 30 пайызы Өзбекстан еліне экспортталады.
Кәсіпорында альтернатор, дизельді қозғалтқыш, металл, поролон, шланг секілді қосалқы бөлшектер де өндіріледі. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1 гектар жер бөлінген болатын.
Үш зауытта бүгінде 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келешекте кәсіпорын басшылары өндіріс қуатын арттырып, қала тұрғындарын көбірек жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» 2025 жылға дейінгі арналған бағдарламасында айқындалған жұмыстардың жүзеге асып жатқандығын аңғартады.