Құқық қорғау саласында ер азаматтармен қатар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер де аз емес. Солардың бірі – Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ тағылымданушысы – Ангелина Лукас.
Ол Тараз қаласының тумасы. Ангелина осы қаладағы жалпы мектепті бітірген соң, отбасымен Астанаға қоныс аударады. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» университетіне оқуға түсіп, Халықаралық қатынастар мамандығын игеріп шығады. Ангелина сабақты жақсы оқып қоймай, жастайынан спортпен, 12 жасынан бастап бокспен айналысады. Мұнан бөлек, бимен де шұғылданады.
Ангелина Александровна 2017 жылы Шымкент қаласының Бокс федерациясының шақыртуымен Шымкентке келеді. 2020 жылдан бері Ішкі істер органдары қатарында. «Болашақ мамандығымды бала кезімде анықтағандаймын. Бастауыш сыныпта «Кім болғым келеді?» деген тақырыпта шығарма жаздық қой. Сол кезде мені полиция мамандығы қызықтырды», — дейді жас полицей.
Кез келген сарбаздың генерал болуды армандайтыны секілді Ангелина да қызмет сатысында білікті тұлға болуды мақсат тұтады. Республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Атап айтсақ, жуырда әйелдер арасында өткен Түркиядағы әлем чемпионатында жүлделі 3-орынға ие болды. Болгария Республикасында әйелдер арасындағы бокстан өткен Европа кубогынан жүлделі 2-орынды жеңіп алды. Карантин кезінде күнделікті жаттығулардың арқасында Болгария, Түркия елдеріне барып, 20 күнде 7 рет шаршы алаңға шығып, өнер көрсетті.
Алдағы уақытта Ангелина Азия чемпионатына қатысып, Жазғы олимпиадаға қатысуға үміткер екендігін де жасырмады. Еліміздің болашағы үшін еңбек етіп жүрген әмбебап полицейдің алар асуы алда. Әрқашан Полиция департаментінің намысын қорғап жүрген спортшы қыздарымызбен мақтанамыз!