Үшінші мегаполисте 5-20 наурыз аралығында қала әкімінің қолдауымен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалы Шымкент «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» жалпыұлттық жобасы аясында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Қазақиям – азат ұям» деген тақырыпта жыр мүшәйрасын өткізді.
Жыр мүшәйрасын өткізудегі негізгі мақсат – қаламгерлердің руханияттың маңызды саласы – ұлттық әдебиетіміздің дамуына атсалысып, үлестерін қосуына ықпал ету. Сонымен бірге аймақ ақындарының еркін елдің жарқын көріністерін, кемел келешегін, олардың егемендігіміздің қуаты мен құндылықтарын жыр құдіретімен паш етуіне ынталылығын, шығармашылық белсенділігін арттыру, шеберлігін шыңдай түсу.
Мүшәйра іріктеу және қорытынды кезеңдер бойынша ұйымдастырылған болатын. Іріктеу кезеңі 20 наурызға дейін, қорытынды кезең 21-22 наурызда өткізілді. Ал жүлдегерлерді марапаттау рәсімі бүгін, 23 наурызға тұспа-тұс келіп отыр.
Байқаудың ережесі бойынша үміткерлер тәуелсіздік тақырыбына бір өлең және еркін тақырыпқа бір жыр не әңгіме ұсынды. Бірақ ұсынылған шығармаларын бағалау кезінде басты назар тәуелсіздік тақырыбына жазылған өлең мен шығармағаға аударылды. Мүшәйра үміткерлерінің жасына шек қойылмады.
Жыр бәйгесіне тек Шымкент қаласында тұрақты (тұратын) тіркелген үміткерлер қатысты.
Жыр додасы туралы көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, ҚР Президенті тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегені Бақытжан Алдияр өз ойын қосты.
Мүшайраға ұсынылған 28 үміткердің өлеңдерімен толық танысып шықтым. Қазылар алқасының пікірлерін толық қолдаймын. Өз тарапымнан қосарым, Сезім Мергенбай мен Арайлым Мұратәлиеваның өлеңдері нәзік сыршылдығымен, басқалардан бөлекше ой орамдарымен қызықтырып қуантса, Әлімжан Әлішердің, Ақбота Бейбітбектің, Біржан Байтуовтың сөз қолданыстары, көркемдеуіш тәсілдер көңіл қуантарлық, — деді Бақытжан Алдияр.
Мүшәйраның поэзия аталымы бойынша арнайы жүлде қоры былай бөлінді:
1 орын Арайлым Мұратәлиеваға – 500 000 (бес жүз мың) теңге.
2 орын Әлімжан Әлішерге – 300 000 (үш жүз мың) теңге.
3 орын Ақбота Бейбітбекке – 200 000 (екі жүз мың) теңге.
Ынталандыру сыйлығы – 100 000 (жүз мың) теңгеден үш ақынға Бауыржан Ерман, Біржан Байтуов, Сезім Мергенбайға берілді.
Ал проза аталымы бойынша бәйгеден қара үзгендер мыналар:
1 орынға лайық шығарма жоқ деп ұйғарылды. Сол орынға бөлінген
сыйақы 8 ынталандыру сыйлығына бөлінді.
2 орын Камила Тілепованың «Жолайрық» әңгімесіне – 300 000 (үш жүз мың) теңге.
3 орын Захардин Қыстаубайұлының «Егіздің сыңары» драмасына – 200 000 (екі жүз мың) теңге.
Ынталандыру сыйлықтары:
Қайырғали Медеттің «Болашақтың алтын кілті» драмасы,
Тұңғышбай Төрегелдиевтің «Ергешбай» әңгімесі;
Ұлжан Дәуренбекқызының «Көксарайдың Рақышы» деректі әңгімесі; Жеңіскүл Ыбрайымованың «Соңғы үміт» әңгімесі;
Жәмилә Мамырәлінің «Америкадан келген күйеу бала» әңгімесі;
Әзімхан Исабектің «Тұрағұл Абайұлы және Тәуелсіздік» деректі әңгімесі;
Елнұр Қайратұлының «Құпия үңгір» әңгімесі,
Салтанат Айдарбекованың «Көкқасқа» әңгімесіне – 100 000 (жүз мың) теңгеден берілді.
Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.