Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен №2 қалалық аурухана базасында жоғары мамандандырылған инсульт орталығы мен ангиография бөлімшесі ашылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жаңадан ашылған орталықта медицина мамандары Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
Заманауи медициналық құрал — жабдықтармен қамтылған орталық 30 орынға лайықталған. Мұнда соңғы үлгідегі экспресс — класты бипланды Philips Azurion 7 В20/15 ангиографиялық аппараты мен өкпені жасанды желдету, цифрлы ренген сынды инсульт ауруын емдеуге қажетті аппараттар орнатылған.
Теңдесі жоқ құрылғылармен жұмыс істеу үшін медицина мамандары шет елдерде біліктілігін арттырып келген. Аталған медициналық орталық Шымкент қаласындағы тұрғындар арасында инсульт, нерв жүйесі ауруларының санын азайтып, денсаулық сақтау саласының дамуына өз септігін тигізеді дейді медицина мамандары.