Шымкентте «Жастар» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге алуға 696 азаматтың құжаттары балл жүйесі негізінде қаралды. Конкурстан өткен азаматтардың ішінен балы жоғары 300 азаматтың тізімі бекітілуі тиіс.
Өйткені аталмыш бағдарлама бойынша биыл жастарға қалада сонша пәтер қарастырылған. Оның ішінде 1 бөлмелі — 195 және 2 бөлмелі — 105 пәтер үлестіріледі. Тапсырылған құжаттарды қарау уәкілетті орган ретінде Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасына жүктелген.
Тұрғын үй комиссиясымен әр өтінім иесінің құжаттары тексерілді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков комиссия басында болып, барлық мүшелерімен бірге әрбір құжатты жеке қарап, балдық есептеулердің және бағдарламаға сәйкес шарттардың қадағалануын бақылады. Комиссия құрамында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы мүшелері мен БАҚ өкілдері және басқа да қоғам белсенділері бар. Тексеру қорытындысы бойынша өрескел кемшіліктер мен заң бұзушылық жағдайлар тіркелген жоқ.
Айта кетсек, Шымкентте «Жастар» бағдарламасына сәйкес сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалға беру бойынша 2021 жылғы 25-27 қаңтар аралығында shymkent-baspana.kz cайты арқылы 3 648 өтінім түскен болатын. Ал, 4-ші ақпан күні сағат 00:00-ден бастап 24 сағат ішінде берілген өтінімдердің қатесін түзету үшін құжаттарды қайта толықтыруға мүмкіндік берілді. Өтінім берушілердің ішінен 105 азаматқа жас шектеуі бойынша, 576 азаматқа тұрақты тіркеуі болмауынан және 2271 азаматқа табыс көзі 40 АЕК-тен төмен және құжаттарының толық болмауына байланысты өтінімдері кері қайтарылған. Конкурс нәтижесі таяу күндері жарияланып, пәтер алушылармен келісімшарт жасалады. Тұрғын үйдің төменгі қабаттарына отбасы мүшелерінде 1,2-топ мүгедектігі бар немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы ауру түрімен ауыратын азаматтарға бөлу және одан кейінгі кезекте азаматтардың балл саны мен бала санына қарай орналастыру көзделуде.
Баспаналар «Жаңа Тұрлан», «Тұран» және «Асар-2» шағынаудандарынан беріледі. Комиссия отырысында пәтерлерді электронды нұсқада бөлу және алдағы уақытта жүйені толығымен автоматтандыру талқыланды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі