Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен шаһарда «Халық берекесі» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылар үшін уақытша тұруға көпқабатты үй салу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен мәжіліс барысында мәлім болды.
Игі бастама аясында қиын жағдай тап болған отбасылар 3 жыл бойы тегін үйді уақытша мекен етеді. Бұл уақыт аралығында отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлдіршіндер бала-бақшамен қамтылады. Мектеп жасындағы балалар қосымша курстармен қамтылып, арнайы мамандардың қызметімен жәрдемақыларды рәсімдеу мен жұмыспен қамту шаралары қарастырылған.
-Уақытша баспана тағдыр тәлкегімен өмірлік қиын жағдайға душар болған отбасылдарға пана болары сөзсіз. Бірақ, өзіміздің қазақи тәлім-тәрбие беретін шаңырақ болуы тиіс. Батысқа еліктеп ұлттық құндылығымызды жоғалтпайық. Сол себепті көпқабатты үйдің құрылысы мен қатар әлеуметтік қолдау көрсету жобасын қадағалайтын боламыз,-деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы.
Айта кетсек, бұл жоба «Халық» қайырымдылық қорымен бірлесе жүзеге асырылады. Қазіргі таңда тұрғын үйді салуға ыңғайлы жер қарастырылып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі