Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта өткен халық алдындағы есебі барысында мәлімдеді.
–Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының небәрі 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ол үшін бұрынғы Фосфоршылар сарайын қайта жөндеп, Жастар сарайы етіп қайта ашамыз. Одан бөлек, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отырмыз.
Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосымша біліммен қамтуды қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға жеткізуді жоспарладық.
Білім саласындағы келесі үлкен мәселе – материалдық-техникалық база. Оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Биыл мектептерді жабдықтауға 6 млрд теңге жуық қаржы қарастырдық. Мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады.
Былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жұмыс биыл жалғасады.
Одан бөлек, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Былтыр балаларымыздың қауіпсіздігі үшін іште әжетханасы жоқ 36 мектепке әжетхана орнатып, бұл мәселе толық шешілсе, биыл білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау және турникет қойылады және ол полициямен қосылады, — деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы