…Салтанатты жабылу рәсіміне орай, қала тұрғындарының ыстық ықыласын келесі мәдени астана Душанбе қаласына жеткізетін «Уақыт керуені» көшке қосылды. Қала көшелерінен 14-22 қараша аралығында «Шымкентке 2200 жыл» атты қоржын салынған қаз-қатар түйелерді көрсеңіз, таңғалып жүрмеңіз. «Уақыт керуенінің» алғашқы шарасы Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақтан бастау алды.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан игі бастамаға сәттілік тіледі.
– Бұл тойдың жөні бөлек. Жиынға келген барлық қатысушылар арман-тілектерін қағазға жазып, оны керуен қоржынына салды. «Уақыт керуені» қала көшелерін аралап, халықтың ыстық ықыласы толтырылған қоржынымен 22 қараша күні сағат 18.00-де «Ескі қалашықтың» «Цитадель» қақпасына келіп тоқтайды. Сонымен қатар, керуен қоржыны қаламыздың тарихын айшықтайтын 2200 кітап, Шымкент қаласының символына айналған 2200 қызғалдақ көшеті және 2200 тұмар халықтың тілегіне толтырылып, Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласына аттанады, — деді Шыңғыс Мұқан.