Шымкент қаласында Маятас және Тоғыс тұрғын алаптарындағы «Бадам» өзенінің үстінен өтетін көпірлердің құрылысы қызу жүруде. Жоспарға сәйкес жыл соңында ел игілігіне беріледі.
Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте аудандағы 10 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
-Биыл Ленгер тас жолындағы «Сайрам су» өзенінің үстінен өтетін көпірге және Қарабастау тұрғын алабындағы «Бадам» өзенінің үстіндегі көпірге қайта құру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Одан бөлек, Елтай тұрғын алабындағы көпірге қайта құру жұмыстарын мердігер «ЖБИ-С» ЖШС-ы жүргізіп жатыр. Сондай-ақ бір автожолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында «ТЭЦ-3» мекемесінің жанындағы Сайрам су өзеніндегі көпірге «Әлем Транс жол» ЖШС-ы жөндеу жұмыстарын жүргізді, — деді Ғалымжан Ильясов.
Сонымен қатар, ауданда мамандар осы жылы 10 айда 72 аула аралық баспалдақтардың жай-күйіне мониторинг жүргізген. Олар жөндеуден өткен 23 баспалдақтың жағдайы қанағаттанарлық екенін анықтап, тозығы жеткен 8 баспалдақты қайта құруға ақау актісі мен сметалық есептер әзірлеп, жаңадан орнату жұмыстарын жүргізген. Қалған тозығы жеткен 41 баспалдақты қайта құру жұмыстары 2021-2023 жылдарға жоспарланды.