Бүгін, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында отырыс өтті. Мәжіліске аталмыш қоғамдық Кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері, қалалық «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру болатын.
Алғаш болып сөз сөйлеген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Қашқынқызы Исабек Ұлы даламыздың тарихынан сыр шертетін, аса маңызды еңбектің жастар арасында насихатталып, саналарына сіңіру міндеті жайлы айтты.
Одан әрі проректор: «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғам санасына зор серпіліс берді. Екі бөлімнен тұратын мақаланың алғашқысы – «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Негізгі бөлім Ұлы даланың жеті қырын айқындап береді. Сондай-ақ, Түркі әлемінің бесігі болған, Еуропа мен Азияның арасын жалғаған Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды да көздеп отыр.
Қазақ даласының сулы, нулы, табиғаты да елеусіз қалмады. Мақаланың екінші бөлімі алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді. Елбасы төл тарихымызды бағалап, жаңғыртуға арналған нақты 6 тапсырма жүктеді. Оның ішінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу сынды тарихи әрі маңызды міндеттерді қойып отыр», – деп сөзін жалғады.
Сондай-ақ, мәжілісте Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің менеджері Арайлым Бексейітова мен «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Саяси жұмыстары» бөлімінің меңгерушісі Ербол Рәбілұлы Байқонысов баяндама оқыды.
Жиын соңында шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, мәжілісті қортындылады.