Шымкентте соңғы кездері наубайхана өндірісіне қызығушылық артып келеді. Бұл салаға маманданған жеке кәсіпкерлер кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.
Бүгінде Қаратау ауданы 330 кварталда орналасқан «Темиршиков» ЖК-нің нан-тоқаш өнімдерін өндіретін наубайхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы аумағы 7200 шаршы метрді құрайтын наубайхана тәулігіне қуаттылығы 90 мың дана нан өнімдерінің түрлерін өндіруге бағытталған.65 мың дана әлеуметтік нан (қалыпты бөлке нан) шығаруға әлеуетті. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік басқармасына сілтеме жасап Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Жобаның жалпы құны — 200 млн теңге. Кәсіпкерлік нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жоба бойынша 100-ден аса адам жұмыспен қамтылады. Бұл жоба іске қосылса Шымкент қаласындағы тамақ өнеркәсібі саласының дамуына ықпал етеді және қаланың экономикалық дамуына мол септігін тигізеді. Қалада соңғы жылдары тамақ өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.