Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтардың жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдау өткізді. Бүгінгі өткен онлайн қабылдауда азаматтардың басым бөлігі жол мәселесін қозғады. Солардың бірі – қала тұрғыны Жақсылық Елтаев. Ол Гагарин, Құртаев, Арыстанды көшелеріндегі жөндеу жұмыстары жөнінде сұрады.
Мұрат Әйтенов Гагарин көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді.
-Бүгінгі таңда Гагарин көшесінің Абай даңғылынан Ермат ата көшесі аралығында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Алайда әлі қабылданған жоқ. Ал, Құртаев көшесінің жалғасында тегістеу жұмыстары жүргізілді. Асфальтбетон қабаты салынған. 1 қазанға дейін толық аяқталады, — деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, Арыстанды көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуді қарастыру мақсатында сала басшыларына тапсырма берді.
Одан өзге, азаматтарды қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша біршама шешімдер шығарылды.
Атап айтқанда, Жайлау шағын ауданындағы С.Ахметов көшесіне осы жылы қараша айына дейін асфальт төселетін болды. Ал, №125 мектептен басталатын Полевая көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сметалық құжаттама әзірленіп, келер жылға қаржы бөлуге ұсыныс енгізілетін болды.