Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп бекіткен. Осыған сәйкес еріктілер жылын кең көлемде өткізу мақсатында Шымкентте қарқынды жұмыстар атқарылып отыр.
Қазіргі таңда шаһарда 3 мыңнан астам ерікті, 20-ға жуық еріктілер ұйымы бар. Солардың бірі — «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры. Аталған қор қалалық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Еріктілер мектебін» ашып отыр.
«Еріктілер мектебінің» басты мақсаты – қоршаған ортаға қамқорлық көрсету, мұқтаждарға көмек беріп, ізгілік жолында жастардың өз ізін қалдыруы болып отыр. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық пен қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту. «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының еріктілері білім, экология, әлеуметтік бағыттарында жұмыс жасайды.
Мәселен, «Эко-волонтер» бағытында «Шымкент – таза қала», «Шымкент – жасыл қала» жобалары бойынша қаланың тазалығына өз үлестерін қосып отыр. Сондай-ақ, «плоггинг» сайыстарын мектеп оқушылары және студенттер арасында ұйымдастырып келеді. Ол жүгіру мен қоқыс жинауды біріктіретін экологиялық қозғалыс. Бұл арқылы волонтерларды тазалыққа, сабырлыққа, мәдениеттілікке үйретеді.
Ал, «ПЕДКЛУБ» білім жобасы жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жасалынған.