Шымкент қаласында бірқатар көшелерде жол-құрылыс жұмыстары аяқталды. Қыркүйек, қазан айларында абаттанған көшелерді тұрғындар игілігіне беру жоспарланғанын бұған дейін хабарланған болатын.
Атап айтқанда, Самал-2 шағынауданындағы Ризалық көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Мердігер мекеме «Сиқым Олжас» ЖШС-і құрылысты жоспарға сай атқарды. Көшенің ұзындығы — 800 метр, ені — 5 метр. Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы мәлімдеді.
Таскен тұрғын алабындағы №115 мектепке баратын атауы жоқ көшеге жаяу жүргіншілер жолын орнату жұмыстары «Сиқым Олжас» ЖШС-гі тарапынан орындалды. Жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы — 680 метр. Бүгінгі таңда аяқ жол пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Жаңаталап тұрғын алабындағы атауы жоқ көшеге орташа жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын орнату («Достық СпецТранс» ЖШС-і), Ақниет шағынауданы Рауғаш көшесінде орташа жөндеу («Оңтүстік Ғимарат Құрылыс» ЖШС-і), Ынтымақ шағынауданы Жібек жолы көшесінде орташа жөндеу жұмыстары («Оңтүстік Ғимарат Құрылыс» ЖШС-і) толығымен аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді.