Шымкент – туристер үшін тартымды қала. Қалада туристер үшін бірнеше ақпараттық киоскілер орнатылып, жұмысын бастаған еді. Мамыр айында Арбат, Абай саябағы, Жайлаукөл, Тәуелсіздік және Орталық саябақтарда, сонымен қатар Теміржол вокзалы мен әуежайларда арнайы кеңес беру орталықтар ашылған болатын.
Бүгінде 7 киоскіде үш тілді меңгерген, тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Қалаға келген туристер саябақ маңындағы киоскілерден қаланың туристік картасымен танысып, қандай ерекше, таңдаулы жерлер бар екенін біле алады. Сондай-ақ, кеңес беруші мамандар шетелден келген қонақтарға ақысыз гид қызметін көрсетуде.
Карантиндік режим кезінде онлайн форматта қызмет көрсеткен мамандар бүгінде сәрсенбі-жексенбі күндері таңғы 9:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Қазіргі таңда киоскілерден кеңес алушы туристер ақпараттың пайдалы болғанын айтып, өз ризашылықтарын білдіруде. Жалпы статистикалық мәліметтер бойынша, бүгінге дейін туризм басқармасының ақпараттық киоскілеріне 1200-ден аса қазақстандық және шетелдік туристер қызығушылық танытып, кеңес алған.