Шымкентте «Nur Otan» праймеризінің екінші кезеңі – қатысушылар арасында дебат өтуде.Бүгінгі таңда праймеризге қала бойынша 173 азамат қатысуда. 7 қыркүйекте партияішілік іріктеудің екінші кезеңі — үгіт кезеңі басталды. Кандидаттар партияластарымен кездесіп, сайлау бағдарламаларын талқылады. 7 — 14 қыркүйек аралығында 570 кездесу өткізілсе, оның 239-ы онлайн-форматта өтті. Кездесулерге 21 мыңнан астам партия мүшелері тартылды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде насихаттау жұмыстары жүргізілуде. 14-30 қыркүйек аралығында ашық пікірсайыстар өтеді. Олардың тәртібі жеребе бойынша анықталды. Ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жарыссөздер кестесі мен өтетін орны Primaries веб-сайтында және партия филиалының ресми аккаунттарында жариялануда.
Бүгін алғашқы дебат Абай ауданы бойынша қатысушылар арасында 2 мезгіл өткізіліп, оған 11 үміткер қатысты. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, дебат бөлмелерінде зарарсыздандырғыштар орнатылды, медициналық бетпердесіз келген қатысушылар мен көрермендерге алдын-ала медициналық маскалар дайындалып, кіреберісте контактісіз тәсілмен дене қызуы тексерілде. Пікірсайыстар кем дегенде 2 метр қашықтықта әлеуметтік дистанцияны сақтай отырып өткізілді.
Пікірсайыс қатысушыларымен кездесуге арнайы келген «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов праймериздің түпкі мақсатын былай деп түсіндіріп өтті:
— Енді, бұл дебатта бізде негізгі мақсат әрбір үміткер өзінің ойын айту керек. «Мен ертең сайланатын болсам, мен халықтың арасында мына мәселені шешемін» деп айту керек.Әрбір үміткердің ойы ұшқыр болуы мүмкін, бірақ ол ойды халыққа жеткізе білу үшін оған сөз шеберлігі және де халық тарапынан қойылатын сұрақтарға дер кезінде жауап бере алатындай қабілеттері болуы қажет. Кандидаттардың жобаларын қарай отырып, біреуіне емес бірнешеуіне дауыс беруге болады.-дей келе, барлық үміткерлерге сәттілік тіледі. Пікірсайыстар партия филиалының ресми аккаунттары арқылы тікелей эфирде көрсетілді.