Шымкент қаласында тағы 10 елдімекен сапалы электр энергиясына қамтылады. Бұл жөнінде шаһар басшысы Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» телеарнасында өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында айтты.
«Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде соңғы 3 жылдан бері электр энергиясының жетіспеушілігі орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы салынып жатыр» — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 220 кВ қосалқы станциясының және әуе желісінің құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер мекеме «Аврора Констракшен» ЖШС жүргізуде. Бұл жұмыстарға бюджеттен 9,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда нысан құрылысы 90% аяқталған. Станция жыл соңына дейін пайдалануға берілелі деп күтілуде.
Сонымен қатар, «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Әрқайсысының қуаты 110 кВ. Құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Осы қосалқы стацияларды іске қосу арқылы 10 елдімекеннің мәселесі шешіледі.