Республика бойынша коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдай Шымкентте жақсарған. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Президент жолдауын жүзеге асыру мақсатында өткен актив отырысында айтты.
— Қалада өткен үш тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған бір де бір науқас тіркелмеді. Вирус жұқтыру деңгейінің төмендеуіне қалада жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары септігін тигізді. Алайда, Президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай қалыпты өмір салтына қайта көшуіміз үшін әлі де болса карантин талаптарына сәйкес сақтық шараларын күшейту қажет, — деді шахар басшысы.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент қаласында бүгінге дейін Сovid-19 жұқтырудың 5 174 жайты тіркелді. Оның ішінде 2 639 – симптомды, 2 535 – симптомсыз жағдай. Ал 4 442 науқас коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Бұл Шымкент қаласында ашылған провизорлық орталықтар мен күндізгі стационарлардың жұмысының жүйелілігін көрсетеді. Сонымен қатар қауіпті індетпен күресте дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн.