Шымкент қаласындағы клиникалық балалар ауруханасына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы жасанды тыныс алу аппаратын тарту етті. Компания басшылығы ИВЛ аппаратын Германиядан арнайы тапсырыспен алдырған. Мұндай медициналық аппарат жансақтау бөліміндегі ауыр халдегі науқастарды емдеуде ең маңызды құралдардың бірі дейді мамандар. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова ұжым атынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Асар» шағын ауданындағы балалар ауруханасы — қаладағы 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсететін көпбейінді емдеу мекемесі. Мұнда дәрігерлер күнделікті жедел жәрдеммен жеткізілетін 200-ден аса балаға медициналық көмек көрсетеді. Аталған ауруханада балаларға арналған провизорлық орталық ашылған. Онда пульмонолог, травматолог, хирург, невролог, нейрохирург, аллерголог сынды бейінді дәрігерлер бар.
Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы балалар клиникалық ауруханасындағы провизорлық орталық инфекциялық стационар ретіндегі міндетін аяқтап, штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.