«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында партияішілік сайлау – праймериз басталуына орай, қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов баспасөз конференциясын өткізді.
Праймериздің мақсаты – Парламент мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау.
Праймериз кезінде партиялықтармен партия бағдарламаларында өз шешімін табатын өзекті, нақты жергілікті мәселелер анықталатын болады.
Құжаттар 2020 жылдың 17 тамызынан бастап қабылдануда. Іріктеуге жасы 20-дан асқан, сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Қазірдің өзінде Шымкент қаласында 36 үміткер праймеризге қатысуға өтініш беріп, тіркелді.
Үміткерлердің ішінде 9 адам — 35 жасқа дейінгі жастар өкілдері. Олармен қоса ауған ардагері, қандастарымыз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Айта кету керек, құжаттарды тапсырған үміткерлердің тек 4-і ғана депутат, қалған кандидаттар бірінші рет қатысуда.
Сонымен қатар, праймеризге қатысты әр ауданда барлық шағымдарды жедел және объективті қарау, олар бойынша қажетті шешімдер қабылдау мақсатында арнайы партиялық бақылау комиссиялары құрылды.