Президентіміз Қ.Тоқаев биылғы жылды «Волонтер жылы» деп атаған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пандемиямен күресте белсенді атсалысып жүрген еріктілер мен қоғамдық қозғалыстардың өкілдерімен кездесті.
Кездесуге қалада өз белсенділігімен көзге түсіп жүрген ұйым жетекшілері қатысты. Атап айтқанда, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранова, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының президенті Мұхтар Ташимов, «Бізбен бірге» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Жасмин Әшімова, «Волонтеры Шымкента» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Гузал Әуелбекова. Волонтерлер қала басшысымен кездесуде өзекті мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде Мұрат Әйтенов еріктілерге қала тұрғындарына көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысын білдірді.
«Өздеріңіз білетіндей, елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты қаламыздың еріктілері жұқпалы вируспен күреске белсенді қатысуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз атымнан және қала тұрғындарының атынан барлық еріктілерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Денсаулықтарыңызға төнген қауіпке қарамай, мұқтаж отбасыларға азық-түлік тасымалдаумен, жекеменшік медициналық мекемелерге оттегі баллондарын құюға көмектесіп, қарттарға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізуде барынша көмек көрсеттіңіздер. Бүгінгі таңда әрбір азамат қауіпсіздік ережелері мен санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды қатаң сақтап, коронавирустың таралуын тоқтатуға айтарлықтай үлес қоса алатындығын атап өткім келеді. Өкінішке орай, пандемия – бұл көрінбейтін жау. Сондықтан мен, сіздердің әрқайсыңызды өзіңізді және жақындарыңызды індеттен қорғауға шақырамын», — деді әкім.
«ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранова соңғы аптада көмек көрсетуге ниет білдірген белсенділер саны көбейгенін және қазір олар волонтерлік жұмысқа кіріспес бұрын қажетті оқудан өтіп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, пандемиямен күресте бірлескен және нәтижелі жұмыс жасау үшін еріктілерден құралған түрлі қозғалыстарды біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, ол әртүрлі бағыттар бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін басқа елдердің еріктілерімен тәжірибе алмасу және оқыту қажеттілігі туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, Алматыдан келген республикалық штабтың мониторингтік тобының қоғамдық үйлестірушісі Саида Таукелева жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлар арасында өзара іс-қимыл жасау алгоритмін әзірлеу бойынша ұсыныс білдірді.
Ал «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Арман Әлібековтың айтуынша, пандемия басталғалы бері волонтерлер 3500 отбасыға азық түлік жеткізін, миллион бетперде таратқан. Яғни, бірқатар волонтерлік топтар жұмысты дұрыс үйлестіріп жатыр екен. Алайда әлі де болса жұмысты ширататын жағдайлар бар. Ресми тіркелгенімен дұрыс жұмыс істемейтін топтар да кездесетінін баяндады.
Кездесуде еріктілер мегаполисте жастарға арналған орындар санын көбейтуді, сондай-ақ волонтерлік ұйымдар бірігетін орталық құруды ұсынды. Мұрат Дүйсенбекұлы болса, волонтерлік қозғалыс жетекшілерінің ұсыныстарын тыңдап, бұл бағыттағы мәселелер өз шешімін табатынын атап өтті.
— Жастар бас қосатын орындарды ашу жұмыстары жүргізілуде. Карантин аяқталғаннан кейін ресми түрде пайдалануға береміз. Алдағы уақытта бұрынғы Фосфоршылар мәдениет сарайын қалпына келтірсек деп отырмыз. Бұл ретте бірқатар жоспарлар бар. Жастарға спортпен шұғылданатын үйірмелер де көптеп керек, – деді қала әкімі.
Айта кету қажет, еріктілермен кезекті кездесу соңында қала әкімі волонтерлерді пандемиямен күресуге және туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.