«Шымкент- ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында және қалаға келетін өзге де қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында Туризм басқармасы тарапынан қаланың ірі көшелерінің қиылысына ақпараттық навигациялық стелалар орнатылып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Навигациялық стела – бұл жақын орналасқан туристік нысандар туралы ақпарат көзі ретінде қызмет ететін әрі аймақта жылдам бағыт алуға жағдай жасайтын шағын көлемді дизайн.
Бүгінгі таңда аталған навигациялық стелалардың бірі — Б.Момышұлы және Желтоқсан көшелерінің қиылысында орнатылды. Алдағы уақытта бұдан өзге 29 стеланы орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Туризм саласын дамытуға арналған жобалардың тағы бірі – ол Ескі қала аумағында орналасқан Цитадель жобасының VR-ролигі. Аталған жоба біздің қаламызға келген қонақтар мен тұрғындар үшін қаланы виртуалды тамашалауға таптырмас құрал болып табылады. Яғни басқа жақта тұрып, сіз Шымкент қаласының үздік деген туристік нысандарын VR Oculus Go көзілдірігімен көре аласыз.
Жобада Цитадельдің ежелгі тарихынан бергі көріністі 3 тілде тамашалауға мүмкіндік бар. Карантин шаралары аяқталған соң Ескі қалашық пен туристік ақпараттық орталықтарды тамашалауға болады.