Бүгін Созақ ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты келелі басқосу өтті. Жиынға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасы, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері арнайы қатысып, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесін талқылауға атсалысты. Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ашып, жүргізіп отырды.
Оған қоса, аудандық Ақсақалдар алқасының мүшелері, аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы, аудандық Әжелер алқасының төрайымы, аудандық Ауған соғысының ардагерлері кеңесінің төрағасы, ауданның бас имамы, ауылдық округтердегі Ардагерлер кеңесінің төрағалары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектептердегі әкелер мектебінің төрағалары және ауылдық округтердегі әжелер алқасының төрайымдары қатысты.
Жиында арнайы келген қонақтар қазіргі жастар тәрбиесі өзекті мәселе екенін және оған бетбұрыс жасаудың маңызды екенін атап өтті. Бұл тақырыптың өзектілігі қоғамда жиі көтеріліп келеді. Барлық қатысушылар жастар тәрбиесіне қатысты өзгерістерге қоғам болып бірлесіп атсалысу керек екендігіне тоқталды. Жиында тиісті мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жұмыс жасауы, озық идеяларды қолдап, жастарға бағытталған кешенді шаралар ұйымдастыру қажеттілігі талқыланды.
Шарада ұрпақ тәрбиесіне жаңа көзқарас қажет екендігі айтылды. Әсіресе, тәрбиенің жаңа формаларын енгізу, жүректен жүрекке жететін тақырыптар мен қойылымдар ұйымдастыру арқылы жастардың санасына өзгеріс енгізу мәселесі көтерілді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзінің маңызы бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпайтыны атап өтілді. Сонымен қатар, жиында тәрбие саласындағы сабақтастықты нығайту мақсатында кешенді бағдарлама жасау қажеттілігі ұсынылды.
Жиын соңында көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруға келісім жасалды. Әрбір қатысушы ұрпақ тәрбиесі саласындағы жауапкершілікті арттыруға және қоғамның әр түрлі институттарының бірігіп, аянбай еңбек етуіне шақырды.