Сарыағаш ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында маңызды басқосу ұйымдастырылды. Бұл шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының өкілдері, ауданның ардагерлері қатысты.
Жиында арнайы келген қонақтар жас ұрпақты тәрбиелеуде жаңа көзқарастың қажеттілігі туралы өз ойларын ортаға салып, маңызды мәселелерді талқылады. Ардагерлер кеңесінің мүшелері жастар тәрбиесінің қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналғанын атап өтіп, болашақ ұрпақтың қалыптасуына ықпал ету үшін үлкендермен бірлесіп әрекет ету қажеттілігін баса айтты.
Кездесуде қатысушылар жас ұрпаққа бағытталған тәрбиелік жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру керектігін, осы бағытта қоғамның барлық саласының атсалысуы маңызды екендігін алға тартты. Озық идеялар мен бастамаларды қолдау арқылы жастарға арналған кешенді бағдарламалар мен тәрбиелік шараларды ұйымдастыру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, жаңа форматтағы жұмыстарды енгізу ұсынылды, мысалы, театрландырылған қойылымдар мен жүрекке жетерлік әңгімелер арқылы тәрбиелік үдерісті дамыту жоспарлары ортаға салынды.
Жиынның соңында аудан әкімдігі өкілдері көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және болашақта жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды ардагерлермен бірге жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді.