Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Балабақша мен мектептегі тәрбие ісіне қоғам болып назар аударып, белсенділік танытуымыз қажет» деген тапсырмасы негізінде, Түркістан облысында жастардың тәрбиесіне бағытталған шаралар мен кездесулер өтуде. Осы бастамалардың бірі – «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында Ордабасы ауданында ұйымдастырылған кеңес болды.
Кеңеске аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы, «Әжелер алқасы» төрайымы, мектеп басшылары, білім беру мекемелерінің «Әкелер мектебінің» төрағалары, психологтар және ата-аналар қатысты. Кездесу барысында жастар тәрбиесіне байланысты атқарылған жұмыстар сараланып, қоғамда алаңдатып отырған өзекті мәселелер көтерілді.
«Әкелер мектебінің» төрағасы өз сөзінде бүгінгі күні атқарылып жатқан іс-шаралар мен білім мекемелерінде, қоғамдық орындарда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Ол қоғам болып күш біріктіре отырып, жас ұрпақтың саналы, білімді, тәрбиелі болып өсуіне әрқайсымыз үлес қосуымыз қажеттігін айтты.
Жиын соңында қоғамдағы ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы, жастардың дамуы және отбасындағы тәрбиенің рөлі кеңінен талқыланды. Кеңесте айтылған ұсыныстар жастарға қолдау көрсету жолында жаңа идеялар мен нақты қадамдар жасайтын бағдарламалар жасауға бағыт берді.