Келес ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында маңызды жиын өтті. Шараға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және оның мүшелері, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының өкілдері, аудан ардагерлері қатысты.
Жиында арнайы келген қонақтар жас ұрпақтың тәрбиесіне жаңа көзқарас қажеттігін талқылап, өз ойларын ортаға салды. Ардагерлер кеңесінің мүшелері жастар тәрбиесінің бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, болашақтың іргесін қалауда үлкендердің қолдауымен бірлесіп жұмыс істеудің маңызды екенін жеткізді.
Кездесуде қатысушылар жас ұрпаққа бағытталған тәрбиелік жұмысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін және қоғамның бұл үдерісте атсалысуы керектігін айтты. Озық идеялар мен тәрбиелік бастамаларды қолдау арқылы жастарға бағытталған кешенді бағдарламалар мен тәрбиелік шаралар ұйымдастырудың маңызы атап өтілді. Сонымен қатар, қатысушылар болашақта тәрбие мәселесіне арналған театрландырылған қойылымдар, жүрекке жетерлік әңгімелер мен кездесулер арқылы жаңа форматтағы жұмыстар жүргізуді ұсынды.
Жиын соңында аудан әкімдігі өкілдері айтылған мәселелер назардан тыс қалмайтынын және жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды ардагерлермен бірлесіп атқаруға ниетті екенін білдірді.