Агенттік басшысына өз сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркістан облысына келді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында облыс активі, Өңірлік кадр резервінің мүшелері және белсенді жастарымен кездесулер өткізді. Облыс активімен кездесуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, осы саладағы реформаларды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен өткен жиында МҚІА төрағасы мемлекеттік аппаратты адамға бағдарланған және сервистік сипатта қалыптастыру, бюрократиядан арылту бойынша атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады. Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтің гибридтік моделіне көшу, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыруға қатысты жоспарлармен бөлісті. Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды екендігіне назар аударды. Іссапар барысында МҚІА төрағасы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен еркін форматта кездесу өткізіп, оларға жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі беріліп отырғандығын және «eQyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке онлайн форматта іріктеудің қолжетімділігі мен тиімділігі жайлы айтты. Ол мемлекеттік қызмет мамандық таңдамайтынын, онда түрлі маман өкілдері қызмет атқара алатынын атап өтіп, болашақта мемлекеттік қызметке келемін деген жастар үшін басты мақсат – жеке бастың мүддесі емес, ел игілігі үшін қызмет ету болуы керек екендігін ескертті. Жастар мемлекеттік қызметке кіруді барынша ашық ету бойынша енгізілген жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, Агенттік басшысына өз сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Дархан Жазықбай аймақтардағы талантты жастарды қолдау және оларды мемлекеттік басқару ісіне тарту мақсатында Президент бастамасымен жүзеге асырылған Өңірлік кадр резервіне Түркістан облысы бойынша биыл алғаш іріктелген жастармен кездесті. Агенттік төрағасы резервшілерге үлкен жауапкершілік артылатынын айтып, оларды елге адал қызмет етуге шақырды. Жұмыс сапары аясында МҚІА төрағасы Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, қызмет алудағы азаматтарды құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы Агенттіктің басты назарында екендігін айтты. Айта кету керек, Түркістан облысында 2024 жылдың 1 жарты жылдығында 12,5 млн. қызмет көрсетілсе, оның 98% электронды нысанда ұсынылған.