Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Бельгия Сыртқы істер министрлігінің екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бас директоры Йерон Кореманның қатысуымен бесінші саяси консультациялар раунды өтті.
Келіссөздердің күн тәртібіне Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты қамтитын кең ауқымды мәселелер енгізілді.
Әңгімелесушілер барлық қатынастар спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылыстарын растады және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру бойынша белсенді диалогты қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Й. Кореман «Бельгия Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырады, және біз ынтымақтастығымызды тек экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты даму бағытында кеңейтуге қуаныштымыз» деп атап өтті. Ол «елдеріміз арасындағы әріптестік Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады,» – деп назар аударды.
Өз кезегінде, Р. Василенко Қазақстанның Бельгиямен тығыз ынтымақтастықты, оны Еуропалық Одақтағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті. «Елдеріміз энергетика, көлік және қаржы сияқты негізгі салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге үлкен әлеуетке ие. Біз «жасыл» энергетиканы және цифрлық инновацияларды дамытуға ерекше мән береміз және біздің бірлескен жобаларымыз тұрақты болашаққа айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін,» – деп атап өтті қазақ дипломаты.
Әңгімелесушілер сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің қажеттілігін қолдады, екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы белсенді парламенттік диалог пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар сияқты көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін растады. Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлескен күш-жігердің қажеттілігі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар Қазақстан мен Бельгияның сыртқы істер ведомстволары арасындағы диалогты жандандыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық серіктестікті дамытуға бағытталған жұмысты жалғастыруға келісті. Екі ел арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі сапарлар мен үкіметаралық кездесулер жалғасатын болады.
Анықтама: 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты сауда айналымы 523,7 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 220,7 млн., импорт – 303 млн.), бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға жоғары (514,9 млн АҚШ доллары). 2024 жылдың алғашқы сегіз айының ішінде сауда айналымы 289 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде (экспорт – 114,3 млн., импорт – 174,7 млн.).
2005 жылдан бері Бельгиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 12,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанда 76 компания бельгиялық қатысумен жұмыс істейді.