Жылыту маусымы өртке өте сақ болуды талап ететін кезең. Кей өңірлерде жылыту маусымы басталып та кетті. Мамандар көмегімен өрттің алдын алу шаралары тұрғындарға жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметкерлері халыққа барынша сақ болуды ескертеді.
Шымкентте 2024-2025 жылғы жылу беру кезеңі басталар алдында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовпен «2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңіне арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспары бекітілген болатын. Осы шаралар барысында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қала аумағында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Оның шеңберінде тұрғын үй секторларында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Жылыту кезеңі бастала салысымен өрт салдарынан топтық адам өлімінің 4 фактісі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қаза тапты. 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара ауданында болған өрттен бір үйдің 5 баласының қайтыс болуы бәрімізге сабақ болуы керекті.
Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігіне төтеншеліктер қалай дайындалып жатыр, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты газ техникалық инспекция бөлімінің қызметеркелерінің дайындығы қалай? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Е.Отарғалымұлы мен Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары М.Абдинуров баяндады.
– Бізде жыл көлемінде, қыс болсын, көктем, жаз, күз мезгілінде болжанған төтенше жағдайға байланысты іс-қимылдар жүргізіледі. Жеке құрамда соған байланысты дайындық өтеді. Жылыту маусымының басынан бастап, әлеуметтік желілерде 138, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 шығарылым жарияланып, қала аумағындағы шағын аудандар арасында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 7 мыңнан астам адамды қамтитын 3812 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып түсіндірме жұмыстары, білім беру мекемелерінде 1500 оқушыны қамтитын 42 интерактивті сабақ өткізілді, – дейді Е.Отарғалымұлы.
Сонымен қатар қала аумағында 2222 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы анықталған. Бұның барлығы рейдтер мен аралаулардың нәтижесінде тіркелгендері. Ол отбасыларға үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп, 8714 адамға қол қою арқылы жадынама парақшалары таратылды. Соның ішінде 334 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қайта аралау жұмыстары жалғасып жатыр. Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ішінен 89 үйге газанықтағыш құрылғылары қойылып, 80-ге жуық үйдің түтін мұржаларын тазарту жұмыстар жүргізілген.
– Жеке кәсіпкерлермен және аудандық әкімдіктермен меморандум түзу арқылы 125 газанықтағыш құрылғылары сатып алынды. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтардың барлығын газанықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандум түзу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Е.Отарғалымұлы.
Осы маусымда газбен улану қаупі де басым. Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаланы жоспарға сәйкес аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Басқарманың газ техникалық инспекция бөлімі тарапынан газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзған 89 тұлға жауапқа тартылған.
– Осы тұрғыда ең алдымен жауапкершілік тұрғындардың өзінде. Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19 бабының 1-тармағына сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екендігін назарларыңызға жеткізгім келеді. Аталған шаралар сақталмаған жағдайда әкімшілік шара көзделген. Осы негізде қала тұрғындарына үй ішілік газ жабдығының жағдайына немқұрайлық танытпай, арнайы аттестатталған мекемелерді шақырып тексерту қажеттігін назарларыңызға жеткіземіз, – дейді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары М.Абдинуров.
Құлақ аспаудың өтемі бар екенін ұмытпаған жөн. Әрбір адам өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексеріп, сақтық шараларын алдын ала ұйымдастырып қойғаны дұрыс. Төтенше жағдайлар қызметкерлері де осы мәселені жиі көтеріп жүр.
Все реакции:
Кайрат Сапарулы и ещё 4