Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бұдан былай қоғамдық көлікте жол ақысы тек электронды түрде қабылданатын болды. Қала әкімінің тапсырмасымен қолма-қол төлем жойылып, төлемдерді тек көлік картасы, QR код, СМС, банк карталары, арнайы қосымшадан NFC және Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay арқылы жасауға болады.
Бұған дейін қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрін жүргізушінің өзі жүргізетіндіктен, көлік құралын басқарудан алшақтауға мәжбүр болатын. Бұл жолаушылардың, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушылар арасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын. Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты. Оның ішінде, жолаушыларды қолма- қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау жайттары тіркелген.
Қазіргі талдауларға сәйкес, автобустарда төлемдердің 97%-ы электронды түрде жүзеге асырылған, ал қалған 3%-ы қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш электронды жүйенің жолаушылар үшін тиімді екенін көрсетеді.
Өзгерістердің нәтижесінде көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көліктердің кешігуі және жол-көлік оқиғаларының саны азайту күтілуде. Бүгінде қалада 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда.Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында «Avtobys» электрондық билет жүйесі іске қосылды. Бүгінде бұл жүйе Қазақстанның 17 қаласында және Қырғыз Республикасының Ош қаласында табысты жұмыс істеп жатыр. Отандық технологиялар негізінде жасалған «Avtobys» жүйесі қоғамдық көлікте заманауи әдістер мен шешімдерді енгізу арқылы жолаушыларға тиімді және ыңғайлы қызмет көрсетуді көздейді.
2024 жылдың басында «Avtobys» компаниясы Шымкенттің көлік жүйесін жаңғырту жұмыстарына кірісті. Нарықтағы барлық тәуекелдер мен қиындықтарды зерттеп, жаңа технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік алынды.
«Avtobys» жүйесі жолаушылардың төлемдерін Bluetooth, банк карталары және басқа да заманауи әдістер арқылы жасауға мүмкіндік береді. Жеңілдікті санаттағы жолаушылар үшін виртуалды тарифтер енгізіліп, физикалық көлік карталарын пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік берілді. Бұл жолаушыларға төлем процесін барынша ыңғайлы әрі жылдам етуге септігін тигізеді.
Жүргізушілердің планшеті жүйесі көлік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жасалған. Планшет арқылы жүргізуші автобустың кестесін, жолаушылардың төлемдерін бақылай алады, сондай-ақ диспетчермен екіжақты байланыс орната алады. Бұл жаңашылдық көліктің уақытында аялдамаларға жетуін қамтамасыз етеді.