Кеңес мүшелері мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін құжаттарын рәсімдеудің нақты әрі түсінікті алгоритмін құрып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, қолдауға барынша жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, жиынға қатысқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ғанибет Аубакиров бұл жерде кәсіпкерлерге бөлінетін жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу барысындағы мерзімдердің созылып кететініне тоқталды. «Бұл кәсіпорындардың жер учаскелерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжат тапсырылғанда рәсімдеу уақыты созылып, біздің жұмыс көп жағдайда соған тіреліп жатады. Регламент бойынша 14 күн болса, шын мәнінде одан асып кетеді, құжат рәсімдеудің процедуралық тұстары көп. Кәсіпкермен келісімшарт жасалған соң ол жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу мерзімі ұзарып кетіп жатады», – деді Ғанибет Аубакиров. Кеңес мүшелері мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін құжаттарын рәсімдеудің нақты әрі түсінікті алгоритмін құрып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, қолдауға барынша жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Осы мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мынадай ұсыныстарды қабылдады: 1. Шымкент қаласының прокуратурасына кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру ұсынылсын. 2. Кәсіпкерлер Палатасы қалалық прокуратура және кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірге кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру жөнінде жан-жақты қолдау көрсетсін. 3. Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасына заңнамада көзделген нақты мерзімдерді көрсете отырып, АЭА қатысушылары үшін жер учаскелерін беру бойынша инвестициялық жобаларды іске асырудың қадамдық алгоритмін әзірлеу ұсынылсын. 4. «Оңтүстік» АЭА қатысушыларына жер учаскелерін бөлудегі проблемалар туралы Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хат жолдансын.