Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдай басқармасы қызметкерлері аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесті. Шымкент қаласында Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері балалар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар іс-шаралар өткізіп келеді. Әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт жоқ. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет. Дегенмен, жыл сайын балалар арасындағы жарақат пен жазатайым оқиғалардың көбеюі көңілді қатты қынжылтады. Бұл әрине, ең бірінші, ересектердің назарының жеткіліксіздігінен туындап жатады. Солардың бірі «Өрт қауіпсіздігі», «Уланудың алдын алу» тақырыбында ата-аналармен жиын өткізіп, оларды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жиында қызметкерлер ата-аналарға кеңес берді. Онда балаларды қараусыз қалдырмауды, оларға терезелердің жанында және ықтимал қауіпті жерлерде бақылау жасауды қамтамасыз етуді айтты. Сондай-ақ, терезелерге қорғаныс торларын орнатуды, сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды ескертті. Сондай-ақ, балаларға қауіпсіздік негіздерін үйретуді міндеттеді. «Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық. Мұның бәрі балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан істердің бір парасы ғана. Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады. Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс», — деді Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері. Айта кету керек, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдай басқармасы қызметкерлері аудан аумағында орналасқан 16,17,18, шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен де кездесті. Кездесу барысында тұрғын үйлерде “Жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау” және “Көп қабатты тұрғын үйлерде қауіпсіздік шараларын естен шығармау” тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында Төтенше жағдай басқармасы қызметкерлері жазатайым төтенше жағдай орын алған кезде алғашқы іс-әрекеттерді қалай істеу керектігін тұрғындарға түсіндірді.