Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Айтар болсақ мегаполистің құқық қорғау органдары қаламыздың тыныштығын сақтау мақсатында кешенді жұмыстарды жүргізіп келеді. Шымшаһарда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс шарасын негізге ала отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасында есірткі мен нашақорлықтың алдын алу жұмыстары басталды. Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жекелеген қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдық тәртіптің сақталуын қатаң қадағалайды. Осы ретте полицейлер ғимарат қасбетінде граффити түріндегі есірткі жарнамасын анықтау және жою бойынша профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Айталық, жыл басынан бері тәртіп сақшылары есірткіні насихаттайтын 3000-нан астам жазуды анықтап, жойды. Қала аумағындағы ғимараттардың, қоршаулардың, аялдамалардың және басқа да қасбеттердің қабырғаларынан есірткі заттарын тұтынуды және өткізуді насихаттау жүзеге асырылатын интернет-ресурстардың нөмірлері мен атаулары көрсетілген граффити бүріккіш бояумен өшірілді. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған жұмыстар полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. Шымкент полицейлері жасөспірімдермен профилактикалық кездесу өткізеді. Сондай кездесудәің бірі Еңбекші ауданындағы жалпы орта білім беретін №68 мектебінде өтті. Жиынға 100-ден астам шәкірт пен ұстаздар қатысты. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселелері талқыланды. Қандай да бір заң бұзушылық үшін жауапкершілік бар екенін түсіндірді. Шымкентегі болашақ медицина мамандары да нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды қолдайды. Полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Шымкент қаласының барлық аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Осы орайда, оқу жылы барысында қаланың барлық білім беру мекемелерінде арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізілуде. Сондай кезекті іс-шара «Авимед» колледжінде жалғасын тапты. Онда қатысушылар болашақ медицина мамандарына көрсетілген мәселелер бойынша толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды. Студенттер аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағытта бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті екендерін жеткізді. Құқық тәртібі — құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар жүйесі. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, қирайды, оның келешегі болмайды. Кез келген мемлекет өмірдің барлық қоғамдық саласында, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарда қатаң тәртіп пен сақтықты орнатуға мүдделі. «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау мен алдын алуды күшейтуге, вандализм, мүліктің бүлінуі, ұсақ бұзақылық, сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтар фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Осы орайда Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Құқықтық тәртіп» тақырыбында 600 жастың қатысуымен кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ақшораев Арман, Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Қарбеков Бауыржан, Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Бекенов Шарен, Полиция департаментінің киберполиция бөлімінің топ жетекшісі Жұмабай Нұрсұлтан қатысты. Қазіргі кездегі қоғамдағы орын алып жүрген бірқатар құқық бұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайында аға полиция инспекторы сөз қозғап, өзекті ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, Полицейлер қызметтік іздестіру иттерінің бір сәттік жұмысын көрсетіп, есірткілерді иіс сезу арқылы тез табу қабілеттерінің ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай- ақ Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жастар арасындағы құқықтық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында «Заңды білмеу — жауапкершіліктен құтқармайды» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. «Авиценна» жоғары медициналық колледжінде өткен кездесуге Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының полиция аға лейтенанты Нұржігіт Азимкулов қатысып, құқық бұзушылықтың орын алуы мүмкін кезеңдерге тоқталды. Сондай-ақ, заң бұзушылық фактілері орын алғанда қандай жауапкершілік көздері қаралғанын жеткізді.