Ерекше форматта өткен жиынға 30-дан астам тыңдаушы қатысты. «Экстремалды жағдайларда қызметкерлерді кәсіби психологиялық дайындау» атты семинар үш кезеңнен тұрды: теориялық, практикалық және қорытынды бөлім. Жиында Тұран ауданы полиция басқармасының инспектор-психологы біліктілікті арттыруға арналған дәріс оқып, пайдалы ақпараттармен бөлісті. Практикалық бөлімде жеке құрамның өзара сенімін, ойлау қабілеті деңгейін және ұйымшылдығы мен жеке қабілеттерін анықтауға бағытталған жаттығулар жасалды. Тренингке қатысушылар өзара еркін пікір алмасып, берілген тапсырмаларды орындауда белсенділік танытты. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі жол-патрульдік полиция инспекторы Мерей Адырбекұлы. – Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс, Жасыратыны жоқ. Кейбіреуіміз «Шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жау- дырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз.