Қазірде қаржылық сауаттылық туралы жиі айтылады. Алайда ол туралы не білеміз? Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміздің өзі не? Көпшілігіміз бұған мән бермегенімізбен, бүгінде ол өте маңызды. Себебі, қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Олай деуге негіз көп. Алуы оңай онлайн несие, пассивті кіріспен шырмап алатын пирамида, адамдардан сұрағанша деп жасырып алатын «жалақыға дейін» берілетін микроқарыз, одан қалса, алтын бұйымдарды кепілге қою арқылы берілетін қарыз. Мұның барлығы адамды керек кезде құтқарғанымен, уақыт өте келе оны өтеу қиындай түседі. Өйткені, несие алған адамның одан басқа да шығындары жетеді. Атап айтсақ, күнделікті азық-түлік пен жүріп-тұру, дәрі-дәрмектің өзіне қаншама қаражат қажет. Олардың бағасы тұрақты емес. Ал жалақының инфляцияға сай өзгермейтіні белгілі. Бұл ретте адамның өміріне қажетті тұрмыстық заттар мен киім-кешек, балабақша, қосымша сабақтар, үйірмелер, той-томалақ, өлім-жітім және т.б қажеттіліктер жетіп артылады. Осының барлығы ақырында алған несиені жабуға мүмкіндік бермейді. Несиесі мойнында тұрған адам келесі айда бірдеңесі болар деген үмітпен, тағы бір онлайн несие алып, кредитін жабады. Дәл осы жағдай келесі айда да қайталанады. Өйткені, шығын болжаусыз. Тығырыққа тірелген адам несие берсе банктен, бермесе құнды заттарын ломбардқа тапсырып, осылайша қарызды үсті-үстіне жамай береді. Берешекке белшеден батқан адам, енді оңай табыс табудың жолын іздейді. Бұл ретте ол пассивті табыс табасың деп әлекедей жалаңдап тұрған аты компания, заты-пирамидаға жолығады. Осы жерден табыс табамын деген үмітпен тағы бір онлайн несиені ұрып жібереді де ештеңемен айналыспайтын «компанияға» қаржы құйып, үлгерсе 1-2 рет пайызын алады, болмаса жер сипап қалады. Бұл мәселе адамды тағы қарыз алуға мәжбүрлейді. Осылайша шарасыз адам көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатуға мәжбүр болады. Болмаса, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Мұндайдың барлығы қаржылық сауаттылықтың болмауынан орын алуда деген Парламент депутаттары Үкіметке сауал жолдап, мәселені ретке келтіруді сұрады.