Үкімет Қаулысымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыруға бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Айта кетейік, құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленді. Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр. Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде:
— 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту;
— есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру;
— есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Құжат мақсаты:
— заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
— заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру;
— халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту;
— қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендету.
Сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу мен емдеуге, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар аударылады. Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылатын болады. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұған дейін Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мұндай кешенді жоспар 2016 жылдан бері болмағанын айтып өтті.