Алкогольді, есірткіні және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салудың орнына «психикалық активті заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну» деген ұғым қолданыла бастады. Соңғы аздаған түзету 2021 жылы енгізілді, онда әкімдіктердің құзыреті оларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі қажеттіліктерге талдау жүргізуге және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жай-күйі мен өмірін жақсарту бойынша білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар жіберуге мүмкіндік беретін ережемен толықтырылды. Қабылданған Заңның оң әсерін атап өту қажет, себебі ол арнайы болды және Қазақстанның ОТЗЗ-ға қарсы шаралар қабылдаудағы табандылығын көрсетті. «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар» және «тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымдары, сондай-ақ ОТЗЗ түрі анықталды. 2021 жылы ҚР БП жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық: ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру нысандарын криминализациялау/қылмыстық сипаттан арылту» ғылыми-практикалық зерттеуінің шеңберінде құқықбұзушылықтардың осындай нысандары бойынша шетелдік тәжірибені (ТМД, Грузия, Балтық жағалауы елдері) зерделеу негізінде әкімшілік құқықбұзушылықтар құрамын ҚК-ге қайтару құқық қолдану сипатындағы белгілі бір қиындықтарға әкелуі, жасырындылықты арттыруы және жауапкершілікке тартылатын адамдар санының деңгейін төмендетуі мүмкін деген қорытынды жасады. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке, ҚР БП мен әкімдіктерге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдауды, оның ішінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажеттігі мәселесін пысықтауды тапсырды. Бүгінде қылмыстық заңнамада ҚР ӘҚБтК-де анықталғандай, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралауға мүмкіндік беретін жеке норма жоқ. 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Соңғы жылдары әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар әлеуметтік желіде жиі жарияланғанымен, бұл саладағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны азайған жоқ. Сонымен қатар, сарапшылар әлеуметтік желінің жалпы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әртүрлі көзқарастың қалыптасуына айтарлықтай әсерін атап өтті. Осыған байланысты әлеуметтік желіні тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту жөніндегі ақпаратты жариялау алаңы ретінде қарауымыз керек. Отбасы – ол адам өзін қауіпсіз сезінетін орын, ал елімізде кейбір адамға ол қысым көретін, қадір-қасиетін қорлайтын, құқығы мен бостандығын шектейтін орынға айналуда. Мұны тоқтату үшін отбасы институттарының жұмысына ширақтық пен құқықтық әділдік орнауы керек. Әйтпесе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әлем бойынша алар орнымыз «төр» болмақ.