Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғауды жандандыру жөнінде тапсырма берген еді. Президент сондай-ақ әкімшілік кедергілерді анықтау және оларды жою шараларын әзірлеу, отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін үнемі назарда ұстайды. Айта кету керек, Шымшаһарда бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіледі.Бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қорғау саласында 1 012 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 6 әкімшілік кедергі жойылды, 13 лауазымды тұлға түрлі жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, жүргізілген талдаумен «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «SHYMKENT» АҚ-мы (бұдан әрі — Қоғам) кәсіпкерлермен бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін түрлі айыппұлдар қолданылған. Ол: «Қадағалау актісі бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін сотпен ӘҚБтК 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша Қоғам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 104,7 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, 900-ден астам кәсіпкердің ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларында жануарлардан алынатын өнімдерді қайта сараптау тәжірибесі тоқтатылды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі білім беру басқармасының конкурстық комиссиясының заңсыз шешімінің күші жойылып 100 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласқаны үшін салық органының басшысы ӘҚБтК-тің 173-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды», — деді. Прокуратура Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды сүйемелдейді. Осы бағытта 6 өзекті кейс шешімін тапты. Атап айтқанда, қытай инвесторына газ тарату желілерін жобалауға және қосуға арналған техникалық шарттарды алуға ықпал жасалса, басқа инвесторға жер телімінің шекарасын белгілеу түріндегі қызмет көрсетуді созбалаңдылыққа салғаны тиылып, мемлекеттік қызметті алуға көмек берілді. Сонымен қатар, «Даму бала» бағдарламасы аясында 100-ден астам кәмелетке толмаған балаларға қызмет көрсете алмаған инвесторға жан басына шаққандағы қаржыландыруға қаражат бөлуге қол жеткізді. Қала прокуратурасы әкімдікпен бірлесіп «Invest–Shymkent» фронт-офисін құру жұмыстарын жүргізді. Енді инвесторларды сүйемелдеу және оларға мемлекеттік қызметтерді көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша «жасыл дәліз» құрылды.
Бизнес субъектілері өзекті мәселелер туындаған жағдайда кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталығының нөміріне немесе Фронт-офиске хабарласа алады.