624 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқтылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Алимент өндіріп алу жағдайы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Шымкент қаласы бойынша жеке сот орындаушылардың өндірісінде 16 091 іс орындауда болып, 2224 атқарушылық өндірісі аяқталған, қалдықта 13 867 құжат қалуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы прокуратурасының әкімшілік және атқарушылық өндірісті қадағалау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Мирзалиев Бауыржан Қуанышбекұлы баяндады. Орындау барысындағы істердің ішінен 35%, яғни, 4927 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр. Алимент өндіру әлеуметтік маңыздылығы жоғары атқарушылық өндірістер санатына жатады. Атап айтқанда 2023 жылы тек алимент өндірумен айналысатын арнайы кеңсе ашылған. Бүгінгі күні онда 5 жеке сот орындаушы және олардың 6 көмекшісі қызмет атқаруда. Сондай ақ Шымкент қаласының Әділет департаменті мен Шымкент қаласының Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы тарапынан аталған кеңседегі жеке сот орындаушылардың санын көбейтуге бағытталған шаралар қабылдануда. Шымкентте алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер саны азаймай жатқанын айтты спикер. Оның сөзінше, бүгінгі күнде осындай әкелердің саны 2913-ке жетіп олардың алимент берешегі 3 млрд. 807 млн. теңгегі құраған. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі — борышкердің тұрақты ресми табыс көздерінің болмауынан және тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 624 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқтылған. Прокуратура тарапынан іздеу жариялануына байланысты уақытша тоқтатылған атқарушылық өндірістер бойынша полиция органдары қандай шаралар қабылдағаны зерделенуде. Одан бөлек, сот орындаушыларының ұсыныстары негізінде 147 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде сот қаулысымен 92 борышкерге 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 55 борышкерге — 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салынған. Алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақтылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет деді, Мирзалиев Бауыржан. Айтуынша, Прокуратура органдары тарапынан сот орындаушылардың алимент өндіру туралы атқарушылық өндірістері бойынша қабылдаған шараларының толықтығына тұрақты түрде талдау жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Шымкент қаласының Жеке сот орындаушылар палатасы прокурорлардың 10 заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынуды қараған. Нәтижесінде 58 жеке сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылып, прокуратура тарапынан анықталған кемшіліктерді жою нәтижесінде 418 млн. теңге алимент берешегі өндірілген.