Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету, заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады» деген болатын. Бұл бағытта Шымшаһарда жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі. Сондай шараның бірі — Шымкент қаласы Әділет департаментінің «Құқықтық көмек» партиялық жобасы. Аталған департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала тұрғындары қабылдауға жазылып, апта сайын білікті мамандардың көмегіне жүгінді. Осы қабылдауда адвокат Ерлан Тілеуов , Zangerler Palatasi заң консультанттары Анар Мырзағалиева, Мұрат Ыдырысов, сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің маманы Нұрлан Мырзабай азаматтардың мәселелерімен жіті танысып, заң аясында кеңестерін берді. Келушілердің басым бөлігі алимент тақырыбын қозғаса, алаяқтарға алданған азаматтар заң бойынша қорғану тәсілдері жайында сұрап білді. Сондай-ақ несие, үйдің кезегі, қаржы және несие сынды мәселелер көтерілді. Қабылдауға келген азаматтардың барлығы заң аясында құқықтық кеңес алып, қабылдау соңында заң саласының қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Сондай-ақ қалалық Әділет департаментінің мамандары Жол көлік колледжі жастарымен «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында кездесу өткізді. Жиынға Әділет департаментінің бас маманы Б. Әбдалиева, Ювеналды заң кеңесінің адвокаты А.Тавашаров, «Сана сезім» орталығының заңгерлері Б. Тұлаев, С. Тұрапбаев және Ювеналды полиция инспекторы мен волонтерлер қатысты. Кездесуде студенттердің құқықтары түсіндіріліп, заң бұзушылықтан аулақ болу жайлы насихат айтылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикаының заңнамасына еңгізіліп жатқан өзгерістер туралы кеңінен ақпарат берілді. Арнайы видеороликтер мен слайдтар көрсетіліп, пайдалы жадынамалар таратылды. Әділет департаментінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғындарына арналған «Тегін заң көмегі күндері» акциясы да өтті. Акцияға Әділет департаментінің басшысының орынбасары А. Исабекова, департаменттің Нормативтік құқықтың актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Н. Мүслімова, департаменттің бас маманы Б. Әбдалиева, адвокаттар А. Адамбаева, А. Оразов, нотариус Н. Жолшыбекова, сот орындаушы Ж. Серікбаев қатысты. Жиылған халық еңбек шарты, айыппұл, берешекті өтеу, мүлік бөлісу және тағы да басқа өзекті мәселелер жайында сұрақтарына жауап алды.